• 01.08.2017

Мен еріктімін немесе жақсылық жасауды бастасаң....

Думан Смақов - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 4-курс студенті. . «Ғаламтор сіз үшін/Internet4U» әлеуметтік жобасының үйлестірушісі. 

«Ғаламтор сіз үшін/Internet4U» интернет және компьютерлік сауаттылықты арттыруға арналған әлеуметтік жобасы 2015 жылы өз жұмысын бастағаннан бері ерікті болып жұмыс істеп келемін. Бастапқыда Сәния Әбдіғапардың шақыруымен келген едім. Біріншіден, тілімді сындыру үшін орыс топтарында білім алып жүрген ағалар мен тәтелерге, мұғалімдер мен медицина, әлеуметтік мекеме қызметкерлеріне ғаламторды дұрыс қолдануды үйрететінмін. Арасында орысшам бітіп қалса, қазақша сөйлей жөнелетін едім. Бастапқыда, шыны керек, менің студенттеріме де, маған да қиын болды. Артынан мен орысша жақсы сөйлейтін болдым, олар google translate-тің көмегі арқылы қазақша үйрене бастады. Сөйтіп алғашқы тобымды бітірдім. Олар мені қимай, мен оларды қимай қоштастық. Артынша жоба қатысушыларына бірте-бірте үйреніп алдым. Олар келеді, кетеді. Өзімді тура мектептегі мұғалімдер сияқты сезініп кеттім. 

#Chevron компаниясының қаражатына іске асып жатқан жобаның Астанада да өтуіне өзіндік үлесімді қостым. Жоба барысында, талай қызықтар мен қыйындықтарға да тап болдық. Адамдарды жинап алып, олардың келмей қалуы, кейде шақырған адамдардан артық келуі, аудиторияда қажетті құралдардың жетпей қалуы, кейбір апалар мен аталардың өз құқықтарын айтып тұрып алатындығы – барлығы да ерікті үшін салмақ еді. Бұл, негізінен орыс тілді аудиторияда қатты байқалатын, қазақ тілділер болса, шақырған уақытыңда келіп, сабағына қатысып қана кететін. Әйтсе де, орыс тілділерге қарағанда қазақ тілділер үй жұмысын орындамайтын, кешегі тақырыпты бүгін ұмытып қалатын. 

Адам сәл уақыттан кейін барлығына да үйренеді емес пе? Сол секілді бұл қиындықтарға мен де, біздің өзге еріктілер де үйреніп алды. Әрқайсысы өзіндік сабақ беру тәсілдерін ойлап тауып, тәжірибелер де өткізіп жүрді. Жинала қалсақ болды, өзіміздің сабақ беру тәсіліміз, әдістеріміз жайында айта кететін едік. Мен олардан жиі үйренуге тырысатынмын. Өйткені олар маған қарағанда білімді болатын. Ол кезде небәрі 1-курс булумгерімін ғой.  Сөйтіп күн сайын өзімнің шәкірттеріммен бірге өз білімімді де толықтырып жүрдім. Осы уақытқа дейін жобада 4400 адам оқыса, соның арасында менің де студенттерім бар екеніне мақтанамын! 

«Ғаламтор сіз үшін/Internet4U»  интернет және компьютерлік сауаттылықты арттыруға арналған әлеуметтік жобасы әлі аяқталған жоқ. Әлі де еріктілерді іздейді. Жанындағы адамдарға жақсылық нұрын шашқысы келетіндерді тартқымыз келеді. Қоғамға солар көбірек пайда әкелетіні де рас емес пе?!

Мен қазір осы жобаны ұйымдастырған #Medianet Халықаралық журналистика орталығының жобалар менеджері және Отандық тұңғыш ақпарат растығын тексеруге арналған #factcheck.kz сайтының тілшісімін. Бұлардан да бөлек жұмыстарым бар. Ерікті болудан бастаған еңбек өтілім осылайша жалғасып келеді. 

Сіздер де жақсылық жасауға ұмтылыңыздар! Айналаңыздағы адамдарға білмегенін үйретуге, таппағанын табысуға, көтере алмай тұрған жүгін көтерісіңіздер! Жүрген жерлеріңізге түкірмеңіз, қоқыс тастап, ластамаңыз. Сол ауамен өзіңіз және Сіз бен біздің жақындарымыз демалады. Айналамды ластадым дегенше, өзімді өлімге итердім деңіз. Патриоттық сезім деген өзіңнің айналаңнаң басталады! «Мен елімнің патриотымын» деп құр кеудені соға берудің еш қажеті жоқ! Шынайы патриот болыңыздар! Ерікті болыңыздар! 

Ендеше, бүгіннен жақсылық жасауды Сіз де бастаңыз!


Понравилась статья, поделись с другими:
Читайте также